5-ші Дүниежүзілік допингке қарсы конференция

Польшаның Катовице қаласында 5-ші Дүниежүзілік допингке қарсы конференция өз жұмысын бастады.

Конференция жұмысына әлемнің барлық елдерінен 2000-нан астам әр түрлі ұйымдар өкілдері, оның ішінде ДДҚА, ХОК, ХПК, Үкіметтік ұйымдар, допингке қарсы ұйымдар, ұлттық федерациялар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. қатысады.

Конференцияның басты мақсаты – Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің жаңа нұсқасындағы ережелерді және Халықаралық стандарттардағы өзгертулер мен толықтыруларды талқылау.

Құрамында Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Е.М. Рамазанов, Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасының орынбасары А.А. Есімов және допингке қарсы ұлттық орталықтың директоры М.Қ. Бақашева бар Қазақстан делегациясы конференция жұмысына белсенді қатысты және сондай-ақ, ДДҚА, Халықаралық спорт федерацияларының өкілдерімен Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің негізгі ережелерін және қазақстандық спортшылар арасында допингке қарсы бағдарламаларды жүзеге асыруды талқылау мақсатында жұмысқа қатысты бірқатар кездесулер өткізді.

Конференция 7 қарашаға дейін жалғасады және 2021 жылы күшіне енетін Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің жаңа нұсқасы туралы қарардың қабылдануымен аяқталады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «таза және адал» спорт пен допингті қолдануға төзбеу жөніндегі бағдарламасы жөнінде мәлімдейді, сондай-ақ спортшының адал спортқа деген құқығын қорғайды.