Спорттық мансапты таңдаған адам ретінде сен ережелерді сақтауға міндеттісің. Жарыс ережелері бұл спорттық қағидалар — мысалы, қатысушыларды салмақ және жас ерекшеліктері бойынша бөлу, спорттық киімге қойылатын талаптар, жарыстарды өткізу тәртібін анықтау сияқты тағысын тағы. Бұл ережелер барлық қатысушылар үшін бірдей болғандықтан, олардың мүмкіндіктерін теңестіруге көмектеседі.
Допингке қарсы ережелері де жарыс ережелері сияқты спорттық қағидалар болып табылады. Допинг бір қатысушыға екіншісіне қарағанда заңсыз артықшылық береді, ал кейбір жағдайларда заңсыз жүлде ақшасын алу. Сондықтан допингті алаяқтықпен теңестіруге болады.
Шын мәнінде, допинг қолданудың барлық салдарын, әсіресе оның ұзақ мерзімді әсерін ешкім толық білмейді.
Бұл салдар спортшының жынысына, жасына, денсаулық жағдайына, сондай-ақ қабылданатын препараттардың мөлшері мен олардың өзара үйлесуіне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Әсіресе, допингті жасөспірім шақта қолдану өте қауіпті.
Көп жағдайда тыйым салынған заттарды тек заңсыз жолмен алуға болады. Оларды қабылдау қаншалықты дұрыс екенін ойланып көр. Әсіресе, ертең, бір жылдан кейін немесе он жылдан кейін қандай салдар күтіп тұрғанын білмеген кезде.
Егер допингке рұқсат берілсе, онда барлық спортшылар тең дәрежеде өнер көрсету үшін оны қолдануға мәжбүр болады. Өз денсаулығыңа қауіп төндіре отырып спортпен айналысуға дайынсың ба? Әсіресе, жасөспірім шақта допинг қолдану ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұған ата-анаң қалай қарайды?
Допинг қолдану күтпеген қаржылық шығындарды да талап етеді. Өйткені қымбат препараттарды сатып алумен қатар, допингтің салдарын емдеуге де көп қаражат жұмсауға тура келеді.
Ең алдымен, допинг ұсынып отырған адамның шынайы ниеті қандай екенін өзіңнен сұрап көр. Егер допингті досың ұсынса, ол мұны жаман ойсыз жасауы мүмкін. Бірақ оның мұндай препараттарды ұсынуға жеткілікті білімі мен біліктілігі жоқ.
Ал егер сені допинг қолдануға жаттықтырушы немесе дәрігер мәжбүрлесе, онда олардың қаншалықты білікті екенін және сенің жетістігіңе шын мәнінде мүдделі ме екенін ойланып көр. Олар сенің денсаулығыңды ескеріп жүр ме? Мүмкін, олар сенің жоғары нәтижелерің үшін сыйақы алуды немесе пайда табуды көбірек ойлайтын шығар. Осындай ықтимал жеңістің құны саған керек пе?
Қандай жағдай болмасын, бұл мәселені жасырып қалмау керек — бәрін ата-анаңа немесе сенім артатын басқа ересек адамға айту қажет.
Спортшының допинг қолдануға деген ниетін кішкентай баланың жолды өз бетімен кесіп өткісі келуімен салыстыруға болады: бұл қауіпті және қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Тіпті спорт тұрғысынан ересек саналатын спортшының өзі тыйым салынған заттар мен әдістерді қолданудың қандай қиындықтарға алып келетінін әрдайым толық түсіне бермейді.
Допинг қолданудың әсерлері ұзақ уақыт өткен соң ғана, спортшы мансабын аяқтаған кезде байқалуы мүмкін, әрине, егер допинг оның мансабын одан бұрын бұзып жібермесе.
Спорттық мансапты таңдаған адам ретінде сен спорт ережелерін сақтауға міндеттенесің. Басқа біреу ережені бұзып жатыр екен деп, өзіңнің де оны бұзуың дұрыс емес.
Егер бұл алдау әшкереленсе, өзіңді қалай сезінетініңді елестетіп көрші?
Қазіргі кәсіби спорттың көп жағдайда табыс табумен тығыз байланысты екені рас, әрі кейде спортшының денсаулығына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Кейбір жағдайларда пайдаға деген құмарлық адамгершілік қағидалар мен денсаулықты елемеуге алып келеді.
Бірақ допинг қолданатын белгілі бір спортшыға ұқсауды қалау сенің денсаулығыңа, ата-анаңның тыныштығына және мүмкін сенің спорттық болашағыңа тұра ма?
Допинг мәселесі тыйым салынған субстанция қанша мөлшерде қолданылғанында емес, оны қолдану фактісінің өзінде. Есіңде болсын: «ұсақ» ереже бұзушылық деген болмайды.
Спорттық жетістіктерге тыйым салынған препараттардың көмегімен емес, өз еңбегің мен қабілетің арқылы жету керек. Өз спорттық жетістіктеріңді фармакология жетістіктерімен алмастырған дұрыс па? Бұл сенің командаластарыңа және қарсыластарыңа қаншалықты әділ?
Спортта тыйым салынған көптеген субстанциялар ауыр ауруларды емдеуге арналған дәрілер болып табылады. Мысалы, анаболикалық стероидтар ағзаның қатты әлсіреуімен жүретін ауруларды емдеу үшін жасалған, ал ЭПО кейбір бүйрек ауруларында және тіпті ЖИТС-ті емдеу кезінде қолданылады.
Бұл препараттардың айтарлықтай жанама әсерлері бар. Алайда олардың емдік әсері басым болғандықтан және ауыр науқастардың өмірін ұзартуға көмектесетіндіктен, медицинада қолданылуын жалғастырады.
Спортшылар тыйым салынған заттарды көбіне емдік мөлшерден әлдеқайда жоғары дозада қолданады. Сондықтан олардың жанама әсерлері де әлдеқайда күшті болуы мүмкін
Ғасырдың басында допинг қолданатын спортшылар допингке қарсы қызметтерінен «бір қадам алда» болатын.
«Дизайнерлік» препараттар сынамаларда тыйым салынған заттардың ізін қалдырмайтындықтан, допингке қарсы зертханалар оларды анықтай алмайтын. Қазіргі таңда бұл айырмашылық едәуір қысқарды. Допингке қарсы зертханалар тыйым салынған заттар мен әдістерді анықтаудың жаңа тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады.
Сонымен қатар, тыйым салынған заттарды қолданудың салдарын анықтауға негізделген жаңа әдістер пайда болды. Бұл өзгерістер ағзада препараттың іздеріне қарағанда әлдеқайда ұзақ сақталады. Осындай тәсілдердің бірі — спортшының биологиялық паспорты. Оның нәтижелері бойынша кейбір спортшылар допинг сынамасы оң нәтиже көрсетпесе де спорттан шектетілген.
